Астана қаласы «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығы» ұйымдастыруымен «Батырлар» әскери-патриоттық орталығында мектеп оқушыларына арналған әскери-патриоттық лагерь өз жұмысын бастады.
Лагерьдің басты мақсаты – оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып, патриоттық тәрбие беру, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге баулу, әскери-қолданбалы спортқа қызығушылықтарын дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Бағдарлама аясында қатысушыларды танымдық, спорттық және тәрбиелік іс-шаралар, әскери дайындық элементтері мен қызықты кездесулер күтуде. Лагерь жұмысы 1–12 маусым аралығында ұйымдастырылып, маусым барысында 650-800 баланы қамту жоспарланған.
Жас ұрпақтың бойында елжандылық қасиеттерді қалыптастырып, мазмұнды әрі пайдалы демалыс сыйлауға бағытталған бұл жоба балалар үшін ерекше тәжірибе алаңына айналмақ.





