2026 жылдың 1 маусым күні Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы мен М.Жұмабаев атындағы №65 мектеп-гимназиясының ұйымдастыруымен Балаларды қорғау күніне орай «Мейірім шуағы» атты мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсету, олардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету, шығармашылық қабілеттерін дамыту және мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын насихаттау болды.
Мерекелік іс-шараға мектеп жанындағы «Балдаурен» лагері тәрбиеленушілері және ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар қатысып, жалпы 150 оқушы қамтылды.
Іс-шараның ашылу салтанатында мектептің өнерлі оқушылары концерттік бағдарлама ұсынып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. «Сәтті» би ансамблі әсем биін орындап, бастауыш сынып оқушысы «Ертегілер» әнін шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Іс-шара барысында балалар бірнеше шығармашылық және танымдық алаңдарда белсенді жұмыс жасады. Атап айтқанда, «Түстер әлемі» сурет салу шеберлік сағаты, қолөнер бұйымдарын жасау, «Мейірім гүлі» аппликациясы, тәж және маска жасау, пластилинмен мүсіндеу, бояулар әлемі, пазл құрастыру және логикалық ойындар ұйымдастырылды. Балалар өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, топтық жұмыстарға қызығушылықпен қатысты.
Іс-шара соңында барлық қатысушыларға мерекелік сыйлық ретінде сабын көпіршіктері таратылып, балалар бірге түрлі-түсті көпіршіктер ұшырып, ерекше әсер алды. Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, балалардың көтеріңкі көңіл күйімен аяқталды.
