Астана қаласындағы №59 мектеп-лицей базасында оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға бағытталған «Marvel Camp» жазғы лагері өз жұмысын бастады.

Шараның басты мақсаты — балалардың денсаулығын нығайту, шығармашылық, әлеуметтік және ұжымдық дағдыларын дамыту болды.

Лагерь аясында ұйымдастырылған «Этноауыл» жобасы барысында мектеп ауласындағы киіз үйде балалар қазақ халқының салт-дәстүрлерімен танысып, бес асық, тымақ ұру, ханталапай, ләңгі және садақ ату сияқты ұлттық ойындарды ойнап, мәдени мұрадан сусындады.

Ал «Green City» экологиялық локациясында оқушылар өсімдік өсіру, көгалдандыру және табиғатты күту бойынша тәжірибе жинақтады. Тәжірибелік сабақтар балалардың экологиялық санасын оятып, қоршаған ортаны қорғауға және күнделікті өмірде эко-әдеттерді қалыптастыруға жол ашты.