2026 жылғы 1 маусымда Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы мен Сұлтанбек Қожанов атындағы №64 мектеп-лицейі ұйымдастыруымен «IQ Summer64» жазғы лагерінің жоспарына сәйкес «Бала көзімен» атты суреттер шеберлік көрмесі өтті.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, эстетикалық талғамын қалыптастыруға және өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталды. Көрме балалардың қиялы мен ішкі жан дүниесін өнер туындылары арқылы еркін жеткізуіне таптырмас мүмкіндік жасады.

Шығармашылық шара барысында мектеп ауласындағы мольберттерге қойылған ерекше сурет туындылары көпшілік назарына ұсынылып, ашық аспан астында ұзыннан ілінген көркем жұмыстар көрменің сәні мен мәнін арттыра түсті. Сонымен қатар, жас дарындар тұрмыстық және қайта өңдеуге жарамды заттардан түрлі сәндік бұйымдар жасап, өздерінің шығармашылық шеберліктері мен қолөнерге деген ерекше қабілеттерін жан-жақты танытты.

Көрме қонақтар мен қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, балалардың өнерге деген талпынысын шыңдай түскен айтулы оқиғаға айналды.